Ресей мен Украина арасындағы шиеленіс Қазақстанның мұнай экспортына қалай әсер етеді? ҚР Парламент Сенатында өткен дөңгелек үстелден кейін БАҚ өкілдері Энергетика министрі Болат Ақшолақовқа осындай сұрақ қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазіргі таңда бұл мәселе анық емес. Бүгінде біздің мұнайдың көбі Каспий құбыр корцорциумы арқылы өтеді және Қытайға эспорттап жатырмыз. Оның бәрін нақты жағдайларда қарастыру керек. Дәл қазір айқын әсер етіп жатқан ештеңе жоқ», - деді министр.
Оның айтуынша, Қазақстаннан экспортталатын мұнай екі құбыр арқылы өтеді.
«Атырау-Самар дәлізі бойынша таза Ресейдің «Транснефть» компаниясы арқылы өтетін экспорт бар. Оның көлемі сонша көп емес – 15 млн тонна шамасында. Ең көп экспорт Каспий құбыр концорциумы арқылы өтеді – 53-55 млн тонна. Бүкіл мұнайды басқа бағыттарға аудару деген техникалық жағынан қиындау», - деді Болат Ақшолақов.
Ведомство басшысы екі елдің арасындағы жағдайдың ушығуына байланысты қазақстандық мұнай экспорттаушылардың неге басқа бағыттарды пысықтамағаны туралы да пікір білдірді.
«Негізгі мұнай экспорты Каспий құбыры арқылы өтетіндіктен бағытты ауыстыру қиын. Өйткені ол теңіз жолы емес, құбыр ғой. Теңіз арқылы Кавказға, Иранға жеткізуге болады. Бірақ ондағы кемелердің қуаты шектеулі. Сол себепті мұны жан-жақты қарау керек. Қазіргі уақытта ешқандай әсері жоқ. Мұнай тасымалы тоқтаған жоқ», - деді Энергетика министрі.