22 ақп, 2022 сағат 13:45

Мүмкін емес - Тілеуберді ДХР мен ЛХР-ге ҰҚШҰ әскерін жіберу туралы


Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Қазақстан ҰҚШҰ келісімі аясында Донецк және Луганск халық республикаларына әскер жіберуге міндеттелуі мүмкін бе деген сұраққа жауап берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

"Бұл мүмкін емес. Өздеріңіз білесіздер, ҰҚШҰ жарғысында әскери немесе бітімгершілік күштерді пайдалану қатаң шектелген. Оларды тек ҰҚШҰ кеңістігінде ғана пайдалануға болады", - деді Тілеуберді Үкімет отырысынан кейін журналистер сұрағына жауап беріп.

Бір апта бұрын Қазақстан Ресеймен әскери ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялады. Журналистер министрден осы келісім бойынша ДХР мен ЛХР-ға қазақстандық әскерді жіберуі мүмкін бе деп сұрады.

"Жоқ, бұл келісімде кейбір аудандарға ортақ күштер жіберу және т.б. қарастырылмаған. Бұл келісім тек әскери-техникалық ынтымақтастықты қарастырады", - деді Тілеуберді.

Оның айтуынша, Қазақстанның Украинадағы елшілігі жұмыс істеп жатыр, дипломаттар әлі де сонда.

"Шынымен де, соғыс қимылдары болған жағдайда эвакуациялау жоспарлары бар. Киевтегі елшілігіміз қазір толық жұмыс істеп тұр. Ол Украинадағы азаматтарымызбен байланыста. Әрине, оларды эвакуациялау жолдары қарастырылады, сондықтан қандай да бір соғыс қимылдары болған жағдайда, азаматтарымыздан Киевтегі елшілігімізге шұғыл хабарласуын сұраймыз", - деді министр.