Сарыбала, сен жазушы боламын деп жүрсің ғой. Сол болашақ тірлігіңе демеу болар үш тарау ақылымды айтайын. Қабыл алсаң, қапы қалмассың.
Арақты әу баста ем-дом үшін шығарған. Аздап ішсең — дәру, көп ішсең — у. Жөнімен тата білсең, артықтық етпейді ол. Ал қатаң ескертерім, темекіге жолама! Адам ағзасын арылмас дертке ұшырататын кесірлі кеселдің ең зияндысы. Бұл — бір.
Жазушының өте бір баға жетпес құндысы — уақыты. Осы құндының аса қас жауы — карта дейтін азарты мол ойын. Ол немең — ақылыңды ұрлаумен қоса, достарыңнан ажырататын зәндемінің өзі. Өйткені, ұтылсаң — ақша болмай, бере алмауың мүмкін. Ұтсаң — қолма-қол ала алмай, араларың суысып кетуі ғажап емес. Сондықтан картадан аулақ бол.
Үшіншіден, біздің жасаған қателіктерімізді қайталамаңдар. Жоғары оқу орындарында оқып жүргенімізде қазақ қыздары орталау мектепті де бітірмейтін еді. Содан ба «тең теңімен» дегенге әулекіленіп, «қолымыз жеткеніміз» орыс қызына, одан кейінгілеріміз татарға, басқа ұлт бойжеткендеріне үйлендік. Ұлттың ұлт боп ұйытылуы бесіктен басталарына мән бермеппіз. Ал ұлттың ұлылығын сақтау үшін өз жұртыңның аруымен бас қосудың аса қажеттігін кеш сезіп, сан соғып жүрміз. Сендер елден алыста жүрсіңдер. Бүгінде қазағыңның оқыған қаракөздері жеткілікті. Біздің қателігімізді түзетуге тырысыңдар.
Солай, Софы балам. Кеңесіме құлап түспесе де, құлақ асар ұрпақ болса дейтін тілегімнің бір парасы осы.
Мәскеу, 1961 жыл.
Мұхтар Әуезов