Фото: Almaty.tv
«Менің 12 жыл өмірім жиенім үшін шетелде өтті». Өз еркімен елге оралған Әблязовтың сыбайласы әрі нағашы ағасы Қуаныш Нұрғазин осылай деді. Денсаулығынан айырылған ол өзге елде жылына бірнеше рет ауруханаға жатқанын да жеткізді, деп хабарлайды Almaty.tv.
73 жастағы Қуаныш Нұрғазин есімді бұл кісіні Мұхтар Әблязов 2007 жылы «BSC» ЖШС-ның номиналды директоры етіп тағайындайды. Бас прокуратураның мәліметіне сәйкес, Әблязов және оның сыбайластары осы компанияны заңсыз несиелендіру арқылы БТА банктен аса ірі көлемде қаражат жымқырған. Құзырлы орган өкілдері Нұрғазин сол кезде бұл іске қатысы бола тұра ешқайда кетпеу туралы міндеттемені бұзып, қылмыстық жауапкершіліктен жалтару үшін соттан жасырынғанын айтады. Осылайша ол 2012 жылы Қазақстаннан Литваға кетіп, 12 жыл бойы өзге елде босқын мәртебесімен жүрген.
"2007-2009 жылдар аралығында BSC компаниясының директоры болдым. Біз - BSC компаниясы 152 млн теңге несие алғанбыз. Маған "несие алғанда сыбайлас болдың" деген айып тағылып отыр", – деді күдікті.
Сот Нұрғазинді Мұхтар Әблязовтің сыбайласы деп танып, оның үстінен бөлек қылмыстық іс қозғайды. BSC компаниясының директоры қызметінде ғана тіркелген ол істің осылайша насырға ұласып кетерін білмегенін айтты.
"Мен іздеуде жүргенімді білген жоқпын. 2014 жылы ауруханадан шығып келе жатқанымда полиция ұстады. Сол кезде түсіндім. Маған «босқын» деген атақ берді. Осы уақытқа дейін Литвада болдым", – деді Қуаныш Нұрғазин.
Өзге елде жүріп, денсаулығы күрт нашарлаған. Бірнеше күрделі ота жасалған. Созылмалы ауруға шалдыққан. Мұны ол сұхбат барысында айтты.
Ал соңғы 5 жылда жиенімен байланысы үзілгендіктен, қаржылай қолдау да болмаған көрінеді. Айта кетейік, ол Қазақстанға келу үшін Литваның саяси қамқорлығынан да бас тартқан екен.
"Менің 12 жыл өмірім жиенім үшін шетелде өтті. Ол жерде есепте тұрдым. Жылына екі рет ауруханаға жаттым. Денсаулығыма байланысты көп өзгеріс болды. Жүректен екі рет инфаркт алдым. Буындарымды ауыстырды, екі иығым жығылғаннан үзіліп кетіп, тіктірдім. Шетелде өткен 11 жыл өмірім сол балаға байланысты болды", – дейді күдікті.
Арада осынша уақыт өткеннен кейін Нұрғазин Отанына өз еркімен келуді ұйғарыпты. Оның елге қайтуына Қазақстандағы демократиялық өзгерістер себеп болған. Ендігі өмірін туған жерінде балалары мен немерелерінің қасында өткізуді жоспарлап отыр. Ол 24 шілдеде ұшақпен Литвадан Стамбул арқылы Алматы халықаралық әуежайына келіп қонған.
"Ешқашан саясатқа араласпадым. Мен оған «сен аралас, араласпа» деп айта алмаймын. Ол мені тыңдамайды. Менің еркім өзімде. Жаңа Қазақстан деп жатыр ғой, демократиялық өзгерістер болады деп сенемін. Сондықтан елге, жұртқа қайтуды шештім. Мен шетелде жүрген қашқындарға соттың әділ шешімі болатынын айтқым келеді. «Отан оттан да ыстық». Сондықтан қайту керек деп есептеймін", – деді Нұрғазин.
Айта кетейік, Қуаныш Нұрғазин әуежайдан түсе сала уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған болатын. Қазір сот шешімімен 2 ай мерзімге үйқамаққа ауыстырылды. Құзырлы орган тергеу жұмыстары жалғасып жатқанын хабарлады. Алдағы уақытта сот талқылауы қайта басталады. Енді оның қандай жаза арқалайтынын сот айқындайды.
видео: Almaty TV News/Youtube