17 сәу, 2023 сағат 16:38

Мұхамедиұлының соты басталды: экс-министр өзін үйқамаққа жіберуді сұрады

Фото: ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі

Бүгін Астанада бұрынғы мәдениет министрі, Ұлттық музей директоры Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты іс бойынша басты сот талқылауы басталды. Іс судья Бағлан Ыдырысовтың төрағалығымен Байқоңыр ауданының №2 сотында қаралып жатыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Экс-министрден бөлек, сот алдына "Экспонат" ЖШС директорының орынбасары Азамат Көшенов және компанияның бухгалтері Айым Сәдуақасова, сондай-ақ Ұлттық музей директорының бұрынғы орынбасары Алмаз Нұразхан келді. Сәдуақасовадан басқа барлық сотталушы Астананың тергеу изоляторында қамауда отыр.

Сотта адвокат Төлеев алдын ала тыңдау өткізіп, өзінің қорғалушысы Мұхамедиұлына қатысты істі қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатуды өтінді. Сондай-ақ ол экс-министрдің зейнет жасы мен денсаулығын ескеріп, бұлтартпау шарасын үйқамаққа ауыстыруды сұрады. Мұхамедиұлының өзі адвокатының өтінішін қолдады.

"Бірнеше күн бұрын маған екінші ота жасалды. Осыған байланысты мені үйқамаққа жіберуді сұраймыз. Денсаулығым күннен күнге нашарлап барады, үйқамаққа ауыстыру ақылға қонымды болар еді", - деп мәлімдеді Арыстанбек Мұхамедиұлы сотта.

Сондай-ақ адвокат Темірболатов кәмелетке толмаған төрт баласының болуына байланысты сотталушы Азамат Көшеновті де үйқамаққа жіберуді сұрады. Бұған қоса қорғаушы тарап құжаттары сотқа дейінгі тергеу бастауға негіз болған Антикордың қызметкерлерін жауап алуға шақыруды өтінді. Ал сотталушының өзі актер Тұңғышбай Жаманқұловты куәгер ретінде сотқа шақыруды сұрады. Көшеновтің айтуынша, актер оның Мұхамедиұлымен байланысы туралы мәліметтерді жариялаған.

Судья шешім қабылдау үшін кеңес бөлмесіне кетті. Отырыс 15.00-де қайта жалғасады.

Еске салсақ, Ұлттық музей директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы 2022 жылы 28 мамырда тұтқындалды. Ол "Алтын адамның әлем мұражайлары бойынша шеруі" халықаралық көрмесіне бөлінген миллиондаған ақшаны жымқырды деген күдікке ілінді.