Мүгедектігі бар тұлғаларға қолдау көрсету жұмыстарын үнемі жақсартып отыру қажет. Бұл туралы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 5-отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Үшінші блок – инклюзивті және қоғамдық орта қалыптастыру. Мүгедектігі бар тұлғаларға жүйелі қолдау көрсету прогрессивті әрі әлеуметтік жауапты мемлекеттерге тән. Бізге бұл бағыттағы жұмыстарды тұрақты түрде жақсартып отыру қажет. Қазақстанда ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың саны артып келе жатыр. Бұл орайда мұндай мамандандырылған ұйымдардың қызметіне қатысты қолданыстағы нормалар ескірген», - деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысының атап өтуінше, балалар тексеруден өтуі үшін жарты жылға дейін өз кезегін күтуге мәжбүр. Содан кейін жан-жақты кешенді оңалту қажет болады.
«Бұл үшін тиісті мекемелер де жетіспейді. Сондықтан бұл саладағы нормативті өңірлердің ерекшеліктері мен заманауи стандарттарды ескере отырып жаңарту қажет. Бүгінде бір ғана психологиялық-медициналық педагогикалық комиссия 60 мың баланы қамтып отыр. Олардың жұмысының тиімділігін арттыру үшін бұл нормативті 50 мың балаға дейін төмендету қажет. Әрине, бұл қосымша ресурстар бөлуді талап етеді. Бірақ, кәсіби көмекке мұқтаж балалар біршама сапалы қызмет ала алатын болады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.