11 қыр, 2023 сағат 14:20

Мүфтият мектепте орамал тағу мәселесіне қатысты мәлімдеме жасады

Фото: Медіазона

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы оқушы қыздардың мектепке орамал тағып баруына қатысты туындаған мәселеге өз мәлімдемесін жариялады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

"Иманды, білімді ұрпақ тәрбиелеу – әрбір ата-ананың басты мақсаты. Шариғат бойынша балиғат жасына толған мұсылман қызға орамал тағу – парыз. Сол секілді білім алудың да үкімі – парыз.

Мүфтият шариғат бойынша балиғат жасына толған мұсылман қызға орамал тағу парыз екенін жоққа шығарған емес. Сондай-ақ орамал тағу - ұлттық дәстүріміз. Мұны мұсылман қауымы терең түсінуі тиіс. Алайда шариғатымыз балиғат жасына толмаған қызға орамал тағуды міндеттемейді. Мұны да мұсылман жамағаты дұрыс түсінуі керек", - делінген хабарламада.

Жыл сайын жаңа оқу жылы қарсаңында оқушы қыздардың мектепке орамал тағып баруына қатысты қоғамда түрлі пікірлер айтылады. ҚМДБ баспасөз қызметінің жазуынша, бұл мәселе мүфтият қызметкерлерін де бейжай қалдырған емес.

"ҚМДБ өз құзыреті аясында бұл мәселеге қатысты уәкілетті мемлекеттік мекемелерге тиісті ұсыныстар берді. Мұсылман жамағатының өтініші ескеріліп, оң шешім қабылданады деп үміттенеміз.          

Алла Тағала елімізді түрлі бүліктен сақтап, халқымызға ынтымақ-береке нәсіп еткей!" - делінген ресми хабарламада.