ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ақмола облыстық департаментінің тергеу басқармасы қызметкерлерінің төтенше жағдай режимін бұзу фактісі бойынша қызметтік тексеру жүргізді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Агенттік мәліметінше, аталған басқарманың басшысы Р.Тұрғамбековтің және оған бағынышты тергеушілер Н.Мырзагелдиннің, А.Қағарманның, Ж.Ақмолдиннің, Б.Лұқмановтың төтенше жағдай режимінің қазіргі шектеулеріне қарамастан, кешкі демалысты Көкшетаудағы монша кешендерінің бірінде өткізгені анықталған.
«Осыған байланысты 20 сәуірде агенттіктің орталық аппаратының тәртіптік комиссиясы отырысы өтті. Оқиғаның барлық жағдайларын және әділеттілік, парасаттылық, сенім құндылықтарын қатаң сақтауды ескере отырып, агенттік төрағасының бұйрығымен аталған қызметкерлер келешекте мемлекеттік әрі құқық қорғау органдарында жұмыс істеу құқығынсыз жағымсыз себептер бойынша жұмыстан босатылды», - делінген таратылған ақпаратта.
Сонымен қатар тәртіптік комиссияның ұсынысы бойынша облыстық департамент басшысы М.Төлеубаев жеке құраммен алдын алу жұмысын нашар ұйымдастырғаны үшін қызметіне толық сәйкес еместігі түрінде жауапқа тартылды.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі өз әріптестерінің теріс қылықтарының салдарын түсіне отырып, азаматтардың карантин режимін сақтау кезіндегі жауапкершілігін мойындап құрметтей келе, орын алған жағдай үшін шынайы кешірім сұрайды және әрбір қызметкердің атағы мен дәрежесіне қарамастан заң бұзушылық фактісі үшін жазаның бұлтартпастығына кепілдік береді», - деді ведомстводан.
Бұған дейін Ақмола облысында карантин уақытында моншада демалыс жасаған жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің қызметкерлеріне қатысты қызметтік тергеу басталғанын хабарлаған едік.