Фото: видеодан скриншот
Мәдениет және спорт министрлігі танымал әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың бұрынғы жұбайы, блогер Мөлдір Мұқанованы заңсыз онлайн-ұтыс ойындарын өткізгендер тізіміне енгізді, деп хабарлайды Ult.kz.
Ведомствоның мәліметінше, Мөлдір Мұқанова (Moldir.mt аккаунты, 2,3 миллионнан астам жазылушы) Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 445-1-бабының 6-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Ол қазан айында 589 800 теңге (150 АЕК) көлемінде айыппұл төлеген.
Мұқанова жалғыз емес — бұған дейін де бірнеше медиа тұлға ұқсас себеппен жауапкершілікке тартылған:
-
блогер Дархан Жолшыбек (3,1 млн жазылушы) — 393 200 теңге (100 АЕК);
-
актер Рамазан Амантай ("Мафия", "Заманback", "Бизнес по-казахски") — 393 200 теңге (100 АЕК);
-
блогер Мереке Қалбаева (merekusha.k) — 589 800 теңге (150 АЕК);
-
Нұрбек Нұртаза (justking31) — 1 179 600 теңге (300 АЕК);
-
Әлия Байтуғаева (super.mamasita, 7 млн жазылушы) — 825 720 теңге (210 АЕК);
-
Амина Нұртаза (aminaxo26, 7 млн жазылушы) — 825 720 теңге (210 АЕК);
-
Қайсар Қамза (qais_arr, 2,4 млн жазылушы) — 1 179 600 теңге (300 АЕК);
-
Алмасбек Батыр (almasbek_batyr, 1,8 млн жазылушы) — 589 800 теңге (150 АЕК).
Министрліктің дерегінше, биылдың өзінде 90-ға жуық құқықбұзушылық тіркеліп, салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 40 миллион теңгеден асқан.
Қазақстанда лотерея өткізу құқығы тек лицензиясы бар операторларға ғана берілген. Егер азамат рұқсатсыз осындай ұтыс ұйымдастырса, оған 100 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Ал жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар үшін бұл жаза 300 АЕК-ке дейін өседі.
Құмар ойындар мен лотереяны реттеу комитеті ресми лотерея операторы — «Сәтті жұлдыз» АҚ екенін атап өтті.
«Жеке тұлғалар мен блогерлердің тауар не қызмет сатуды ынталандыру мақсатында ұтыс ұйымдастыруға құқығы жоқ. Мұндай шаралар лотерея қызметі ретінде қаралып, заң бұзушылық болып саналады», — деп хабарлады комитет.
Комитеттің түсіндіруінше, егер акция немесе ұтысқа қатысу шарты ретінде азамат тауар не қызмет сатып алып, билет немесе купон иеленсе, ол стимулдық лотерея белгісіне ие болады. Мұндай жағдайда ұтыс өткізу тек рұқсат алған операторлар үшін заңды.
Еске салайық, Қазақстанда құмар ойындар мен лотерея қызметіне қатысты түзетулер күшіне енді.
Ал тамыз айында блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Толегенова автокөлік ұтысын жариялап, кейін оны ақылы курсқа айналдырғаны үшін сынға ұшырады.
Министрлік ескерткеніндей, ұтыс ойындары мен билет таратумен тек ресми лотерея операторлары мен агенттер ғана айналыса алады.
Сондай-ақ, Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев министрге жолдаған сауалында пранктер мен моральдық тұрғыдан қорлайтын ұтыстарды шектеу қажеттігін атап өтті.
