видео кадры
Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы «Ирина Қайратовна» тобының мобилографы Жылқайдар Шахназдың өліміне себеп болған алдын ала диагнозды жариялады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
"14 қазанда Жылқайдар Шахназдың денесі сот-медициналық сараптама жұмыстарын жүргізу үшін Сот сараптама институтына жеткізілді. Өлімнің алдын ала себебі — жедел геморрагиялық панкреонекроз.
Өлімнің нақты себебі токсикологиялық зерттеу нәтижелерін алғаннан кейін белгілі болады. Зерттеу жұмыстары екі аптаға дейін жүргізіледі" - делінген хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін «Ирина Қайратовна» тобының Астанадағы концертінде мобилограф қайтыс болғанын хабарлаған едік. Куәгерлердің сөзінше, жігіт кенеттен сахнада құлап қалған.
Кейінірек топ мүшелері сахнаға шығып, қаралы хабарды жеткізіп, халықтан кешірім сұраған.
"Сіздерді күттіргенімізге кешірім сұраймыз, бірақ бәрі бекерден бекер емес. Айтудың өзі ауыр. Жаңа ғана мобилограф сахнада құлап қалды, көрген боларсыздар. Ол қайтыс болды. Сондықтан қазір алдарыңызда өнер көрсете алмаймыз", - деді топ мүшелерінің бірі.