01 ақп, 2022 сағат 20:33

Министрлік утилизациялық алымның «қымбаттайтыны» туралы ақпаратқа түсініктеме берді


Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметі бірнеше БАҚ-та утлизациялық алмы мөлшерінің артатыны туралы жарияланған материалдарға түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Осы ақпаратқа қатысты келесіні хабарлаймыз. 31 қаңтарда кәдеге жарату алымын қайта қарау жөніндегі жұмыс тобының 5-ші отырысы өтті. Бұл отырыста қаптаманы, электронды әрі электр жабдықтарын және автомобиль компоненттерін қайта өңдеу ставкаларына қатысты мәселелер қаралды», - делінген түсіндірмеде. 

Ведомство өкілдерінің айтуынша, аталған отырыста қайта өңдеушілер ӨКМ операторынан қалдық тасымалдаушыларға қарағанда аз қаражат алатындарына наразылық білдірген. Министр Серікқали Брекешев солардың уәжіне жауап ретінде қайта өңдеушілерді ынталандыру мөлшерін өзгерту туралы мәселені қарауға дайын екенін білдірген.

«Талқылау барысында министр С.Брекешев қайта өңдеушілердің қайта өңдеуді ынталандыру мөлшерін өзгерту жөніндегі ұсынысын қарауға әзірлігін білдірді. Бүгінде қаптаманы кәдеге жарату төлемінің ставкаларының коэффициенттері төмен және қалдықтарды жинауға, тасымалдауға және қайта өңдеуге арналған шығындарды өтемейді», - деп жазады министрліктің баспасөз қызметі.