ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы Төлеген Оспанқұлов Қазақстанда 4 күндік жұмыс аптасына көшудің кейбір жай-жапсарын түсіндірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі.
"Бүгінде Еңбек кодексінде Қазақстанда 40 сағатқа есептелген бес күндік немесе алты күндік жұмыс аптасы міндетті саналатын норма бар. Бірақ бұл ретте жұмыс беруші қызметкерлермен келіссөз үстеліне отырып, бұл мөлшерлемені төмендете алады. Бүгінде бұл тек келісімшарт негізінде", - деп түсіндірді Оспанқұлов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында.
Бұған дейін жарияланған төрт күндік жұмыс аптасына көшу мәселесі министрлікте шынымен де қаралып жатыр, деді комитет басшысы.
"Яғни, бір айда төрт апта бар: бірінші аптада төрт жұмыс күні, екіншісінде - бес, үшіншісінде - алты және төртіншісінде - тағы да төрт күн болуы мүмкін. "Есептік кезең" деген ұғым бар, сағаттардың жалпы саны осы анықтамалық кезеңнен аспауы керек. Ал қалған мәселелерді жұмыс беруші қызметкермен келіссөз үстелінде шеше алады", - деді ол.