Фото: Мария Каримова/«Газета.Ru»
Сыртқы істер министрлігі Израильде жүрген Қазақстан азаматтарының санын жариялады, хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Министрліктің ресми өкілі Айбек Смадияровтың айтуынша, қазіргі кезде Израильде 77 адам консулдық тіркеуде тұр. Олардың ішінде елшілік қызметкерлері мен отбасы мүшелері де бар.
"7 қазанда Израильдегі әскери-саяси жағдайдың шиеленісуіне байланысты Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінде жедел штаб құрылып, шетелдегі төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимыл алгоритмін дереу орындауға кірісті.
Сыртқы істер министрлігінде және Қазақстанның Тель-Авивтегі Елшілігінде Израиль аумағындағы ҚР азаматтары мен олардың еліміздегі туыстары үшін шұғыл байланыс жедел желісі ашылды.
Осы екі күн ішінде отандастарымыздан 500-ден астам қоңырау мен сұраулар келіп түсіп, оларға жауап берілді. Бүгінгі таңда Израильдегі елшіліктің консулдық есебіне 77 азамат тіркелген (елшілік қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелерін қоса алғанда - еск.). Израильдің жоғары оқу орындарында 5 қазақстандық студент оқиды, сондай-ақ 30-ға жуық қазақстандық жергілікті медициналық мекемелерде тағылымдамадан өтіп жүр. Барлығы - 112 адам" - деді Смадияров.
Оның айтуынша, Тель-Авивтегі дипломаттарымыз Израильдегі Қазақстан азаматтарымен тұрақты байланыста болып, өзара жедел іс-қимыл жасау мақсатында мессенджерде арнайы чат құрған. Қазіргі уақытта оған Израильде уақытша және тұрақты тұратын 200-ге жуық ҚР азаматы қосылған.
"Бұл чатта біздің отандастарымыз өздерінің орналасқан жері туралы хабарлап, дипломаттармен тікелей байланыс орнатты. Ал дипломаттар өз кезегінде азаматтарымызға әртүрлі мәселелер бойынша кеңес беріп, тиісті консулдық-құқықтық көмек көрсетіп жатыр.
Израильдегі барлық азаматымыз сабырлық сақтап, дипломаттарға қажетті ақпаратты ұсынуға барынша жәрдемдесіп жатыр және жергілікті билік органдарының барлық талабы мен қауіпсіздік шараларын қатаң сақтап келеді.
Бүгінгі таңда бізге Израильде қаза болған, зардап шеккен және кепілге алынған қазақстандықтар туралы ақпарат келіп түскен жоқ" - деді ресми өкіл.
Қазақстанның Тель-Авивтегі Елшілігінің болжамы бойынша, Израильде консулдық есепке тұрмаған 400-ден астам Қазақстан азаматы болуы мүмкін.