Фото: primeminister.kz
Денсаулық сақтау министрлігі өкілдері ведомство басшысы Ажар Ғиният келтірген COVID-19 жұқтыру бойынша статистикаға қатысты түсініктеме берді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" stopfake.kz сайтына сілтеме жасап.
Қазнетте Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың сұхбатынан үзінді тарады. Ол кейінгі төрт айда елімізде 9,5 адам COVID-19 жұқтырғанын айтады. Ведомство баспасөз қызметінің мәліметінше, видео контекстен үзіп алынған.
Келтірілген статистикалық деректер контекстен үзіп алынғандықтан, оның мағынасы толықтай өзгерген.
"Әлеуметтік желілердегі видео Денсаулық сақтау министрі айтқан ақпараттың бастапқы мағынасын бұрмалау үшін қолданылып жатыр. Сондықтан КВИ-мен сырқаттанушылық статистикасы келтірілген арандатушылық видеоны одан әрі таратпауларыңызды сұраймыз. Нақтырақ айтқанда, министр 9,5 мың адам туралы айтқан. 2023 жылдың басынан бастап Қазақстанда 9086 КВИ+ жағдайы және 435 коронавирус пневмониясы жағдайы тіркелді, жалпы бұл - 9,5 мың науқас. Министр эпидемиологиялық мониторингіге, сырқаттанушылық статистикасына және науқастарды емдеуге байланысты барлық мәселені тұрақты бақылауында ұстайды", - дейді министрліктің баспасөз қызметі.