24 ақп, 2021 сағат 14:33

Министрлер Nur Otan партиясында азаматтарды онлайн қабылдауда

«Nur Otan»-ның Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде азаматтардың министрлермен және мемлекеттік органдардың басшыларымен онлайн-кездесулері жалғасуда. Қазақстандықтардың министрлерге қандай мәселелермен келетіні туралы партияның Орталық аппаратының баспасөз қызметі хабарлады.

Әділет министрі Марат Бекетаевтың азаматтарды қабылдауы барысында алиментті уақтылы төлеу туралы мәселе бірнеше рет көтерілді. Кентау тұрғыны Бағила Тоғмағамбетова жеке сот орындаушыларының берешекті өндіріп алу бойынша әрекетсіздігіне шағымданды. Тура осындай мәселемен министрге Түркістан облысының тұрғыны Ақмарал Жақыпова да жүгінді. Қабылдау қорытындысы бойынша министр өңірлік құрылымдарға барлық материалдарды зерделеп, тиісті шаралар қабылдауды тапсырды. 

Адвокат Жанна Оразбахова Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевқа сексуалдық зорлық-зомбылыққа қарсы арнайы орталықтар құруды ұсынды. Оның айтуынша, бұл орталықтарда зардап шеккендерге көмек «бір терезе» қағидаты бойынша көрсетілуі мүмкін, яғни, сол жерде полиция бірден шағымын қабылдап, дәрігерлер тексеру жүргізіп, психологтар қажетті көмек көрсетеді. 

Өз кезегінде Ерлан Тұрғымбаев жобамен егжей-тегжейлі танысуға уәде берді. Министрдің азаматтарды қабылдауы 4 сағаттан астам уақытқа созылғанын айта кетейік.

Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың қабылдауында «Темекі түтінінен азат Қазақстан үшін» коалициясының жетекшісі Жәмила Садықова Қазақстандағы зиянды өнімдерді реттеу мәселесін көтерді. 

Алматы қаласының тұрғыны Гүлдария Қастеева Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловаға Ә.Қастеевтің музей-үйіне қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу және іргелес аумақтың күрделі жөндеу мен абаттандыруды қажет ететінін, сондай-ақ қызметкерлердің жетіспейтінін айтты. Министр бұл мәселені өзінің жеке бақылауына алды. 

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовпен кездесуде азаматтар қашықтан оқыту және педагогикалық мамандық түлектерін жұмысқа орналастыру мәселелерін көтерді. 

Сондай-ақ, Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр мен Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев та азаматтарды қабылдады.

Айта кетейік, өткен жылы «Nur Otan» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмесіне бүкіл ел бойынша 393 мыңнан астам өтініш келіп түсті Бұл – 2019 жылмен салыстырғанда 2 есе көп. Бұл ретте соңғы 5 жылда партияға 1,2 млн адам жүгінді, оның ішінде 423 мыңнан астамы – онлайн форматта. Олардың 92% оң шешімін тапты, тегін консультативтік, құқықтық және өзге де көмек көрсетілді.

 

Талдау көрсеткендей, халықты негізінен әлеуметтік қамсыздандыру – 30%, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық – 16%, тұрғын үймен қамтамасыз ету – 15%, еңбек даулары – 14%, құрылыс – 9%, білім беру – 9%, медициналық қызмет көрсету – 7% мәселелері алаңдатты. 

Министрлердің – «Nur Otan» партиясы мүшелерінің қабылдауына жазылу үшін төмендегі нөмірлерге хабарласу керек: 

1. Call-орталық 8 800 080 4441 (Қазақстан бойынша қоңырау шалу тегін); 

2. Whatsapp 8700 800 4441 

3. komek@nurotan.kz