06 мам, 2019 сағат 17:18

Министр желіде атаулы әлеуметтік көмекке қатысты тараған жаңсақ пікірге түсініктеме берді

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев атаулы әлеуметтік көмек бірінші тоқсанда ғана емес, жыл бойы төленетінін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Әлеуметтік желілерде кейбіреулер атаулы әлеуметтік көмек тек бірінші тоқсанда ғана төленеді, одан кейін төленбейді деп жазып жатыр. Мен қайталап айтамын, ол жыл бойы төленеді. Бірақ, өзінің ережесіне сәйкес, тоқсан сайын отбасының табысы нақтыланып тұрады", - деді Сапарбаев үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.

Министрдің айтуынша, қазіргі таңда 160 мың отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған, бұл шамамен 800 мыңнан астам адам.

"10 мың отбасыға тағайындалған жоқ, себебі олардың табысы белгіленген критерийден асып кетті", - деді ол.

Ведомство басшысы сәуір мен мамыр айларына 23 миллиард теңге бөлінгенін атап өтті.

"Жалпы жыл бойына атаулы әлеуметтік көмекті төлеу үшін 130 миллиард теңге қарастырылған. Орта есеппен әрбір отбасына 105 мың теңге атаулы әлеуметтік көмек көрсетіледі", - деді Сапарбаев.

Министр бұл жұмыс әрі қарай жалғасын табатынына сендірді.

Сондай-ақ, Сапарбаев атаулы әлеуметтік көмекті тағайындаған кезде кіріс ретінде не саналып-саналмайтынын түсіндіріп өтті.

"Атаулы әлеуметтік көмекке қатысты түсінбеушілік табысты есептеуден болды. Әсіресе, отбасының малына, егіні мен жиһазына байланысты. Жиһазды есептемеу керек. Біз үй-үйді араламаңдар деген тапсырма бердік, себебі ауылдан бастап әр қалада әрбір отбасының кірісі мен шығысына қатысты мәліметтер бар. Егер сұрақ туындаған жағдайда ғана, комиссияға сол отбасының үйіне барып, жағдайды өз көзімен көріп қайтуына болады", - деді Сапарбаев үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.

Жиһаздан бөлек, министрдің айтуынша, тауық пен жұмыртқа да кіріс ретінде есептелмейді.

"Үйіне барып, ешкім тоңазытқышын аша алмайды. Алмасы, шиесі, құлпынайы, басқасы бар, жеміс-жидек, көкөніс – мұның барлығы есептелмейді", - деді министр.

Сапарбаев халықты масылдыққа емес, еңбек етуге үйрету керек екенін атап өтті.

"Кейбіреулер мына алып жатқан табыстың ешқайсысын есептемеу керек деген ұсыныс айтады. Олай болмайды, масылдық болмауы керек. Табысты біз міндетті түрде есептеуіміз керек... Біз кішкентай баладан бастап үлкен кісіге дейін еңбек етуге үйретуіміз керек. Әйтпесе болмайды", - деген ведомство басшысы биліктің міндеті азаматтарға жұмыс істеуге жағдай жасау екенін айтты.