ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында Украинадағы жағдайдың Қазақстандағы инфляцияға қалай әсер ететінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазір бізде инфляция дәлізі 5-7 пайыздың шамасында болса, тағы 1-2 пайызға көтерілетін шығар. Біз айтып отырған негативті сценарий бойынша одан да үлкен болуы мүмкін. Қазір нақты бірдеңе айтуға ерте. Өйткені жағдай не күрт нашарлауы мүмкін, не күрт жақсаруы мүмкін. Бұл қазір екі ел арасында өтіп жатқан келіссөздерге байланысты. Украина-Ресей айналасындағы жағдай қаншалық ұзаққа созылса, экономикаға әсері де соншалық күшті болады. Яғни, проблема неғұрлым тез шешілсе, өңірдегі елдер де соғұрлым аз зардап шеккелі тұр», - деген министр өңірдегі геосаяси ахуал жылжымайтын мүлік бағасына да әсер етуі мүмкін екенін мәлім етті.
«Теңге әлсіреген кезде жылжымайтын мүлік нарығында кейбір құрылыс материалдарының бағасына қысым түседі. Қуанышқа орай, қазір материалдардың көбін өзімізде өндіреміз. Тіпті кейбір көрсеткіштер бойынша 80 немесе 100 пайыз алмастыруға қол жеткіздік. Керамика, шыны сияқты бұрын мүлде Қазақстанда өндірілмеген тауарлар бойынша 1-2 зауыт салу арқылы-ақ импортты 100 пайыз алмастыруға қол жеткізіп жатырмыз», - деді Әлібек Қуантыров.