16 қаз, 2023 сағат 14:39

Нысанбаев: Семей орманындағы өрттің бірден бір себебі - техниканың жетіспеушілігі

© Photo: ҚР ТЖМ

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев биыл Семей орманында болған алапат өрттің себебін атады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Министр биыл жазда Семей орманындағы алапат өрттен орман саласының 15 қызметкері қаза тапқанын еске салды.

"Үлкен алқапта болған өрттің бірден бір себебі – табиғатты қорғау және орман шаруашылығы мекемелерін техникамен қамтамасыз етудің төмен деңгейі. Атап айтқанда 70 процент деңгейінде ғана қамтамасыз етілген. Қолданыстағы техникалардың 60 пайызы есептен шығаруға жатады", - деді Нысанбаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Айтуынша, биыл қалыптасқан жағдайды дұрыстау мақсатында техниканы жаңартуға 13 млрд 400 млн теңге бөлінді. Жыл соңына дейін табиғатты қорғау мекемелеріне 29 өрт сөндіру автомашинасы, 59 орман өрт сөндіру шағын кешені, 151 трактор, 58 патрульдік көлік жеткізіледі.

"Оның ішінде Семей орманына 10 өрт сөндіру машинасы, 14 өрт сөндіру шағын кешені, 8 өрт сөндіру прицепі жеткізіледі", - деп атап өтті ведомство басшысы.

Бұдан бөлек Үкімет резервінен өртке қарсы 4 400 киім сатып алуға 918 млн теңге бөлінген.

Министрдің айтуынша, бес жылда үкімет қабылдаған азаматтық қорғаудың кешенді жоспарына сәйкес, табиғат қорғау және орман шаруашылығы мекемелерін жарақтандыруға 68 млрд теңге бөлу көзделіп отыр.