Фото: видеодан алынған кадр
Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев «Охотзоопром» қызметкерлерінің ауыл жастарымен төбелесіне пікір білдірді, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.
«Істің мән-жайын анықтайтын тиісті орган бар. Ол — облыстағы полиция департаменті. Менің ойымша, бұл жерде әрине, наразылық білдіруге болады. Бірақ басқа жолмен. Бір топ жас жігіт бірге арақ ішкен, жанжал шыққан… Бүгінде министрлік тарапынан өкілдерімізді жіберіп, аудан әкімдігінің, басқа да органдардың өкілдерімен бірге халықпен кездесу өткіздік. Әрине, ол жерде тұрған мәселе — балалардың тағдыры. Бұл мәселе жөнінде сондағы тиісті органдармен байланыстамыз. Біздің жігіттерге (Охотзоопром қызметкерлері — ред.) келісімге келіңдер деп айттық. Сол себептен істің аяғы жақсы болады деп ойлаймын. Бірақ бұл балаларға сабақ болсын», — деді Ерлан Нысанбаев Үкімет отырысынан кейін өткен брифингіде.
«Охотзоопром» қызметкерлері сол оқиғада заң аясында әрекет етті деп есептейсіз бе?» деп сұрағын нақтылады журналист.
Министрдің сөзінше, төбелесті ауыл жастары бастаған.
«Видеоны қарасаңыз, біздің инспекторлар тарапынан ешқандай артық әрекет болмаған. Қаруға таласқаннан кейін олар, әрине, бермеуге тырысқан. Жанжалды бастаған — ауыл жастары», — деді Ерлан Нысанбаев.
Еске сала кетейік, Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданының аумағында криминалдық полиция Қызылжар кентінің төрт тұрғынын ұстаған еді. Олар «Охотзоопром» РКМК қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбай, күш қолданып, қашып кеткен.
Бұл жанжалдың видеосы әлеуметтік желіде тарады.
Оларға 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру қаупі төніп тұр.