22 ақп, 2022 сағат 13:17

Министр: Құрылыс нарығын сәл-пәл сабасына түсіреміз


ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев құрылыс нарығындағы сұраныс пен ұсыныстың теңгерімін қалай реттейтінін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Өкінішке қарай, қолданыстағы мемлекеттік сатып алу жүйесі бойынша біз кез келген қатысушыны қандай да бір конкурсқа қатысуға жіберуден бас тарта алмаймыз. Мысалы ірі компания Ақтаудағы жол құрылысының конкурсын жеңіп алады. Бірақ олардың сол жаққа күш жұмылдырып жатқанын көре бермейміз. Яғни, осы жақтан бүкіл техникасын апарып әуре болмайды. Сол жердегі техниканы, адамдарды жалдай бастайды. Сондықтан жергілікті құрысшыларға әлдеқайда тең мүмкіндік беру үшін «Егер ірі нысанның тендеріне қатыссаң, сол жерде өз техникаң мен адамдарың болсын» деген талап қоймақшымыз. Біз осындай жолмен жүреміз. Яғни, біреуді сөзбен көндірейік деп отырған жоқпыз. Монополизацияға жол бермеу үшін және біреулердің нарықта үстемдік етуін болдырмау үшін жүйелі шаралар қабылдаймыз», - деді Қайырбек Өскенбаев. 

Сондай-ақ, ол биыл баспана нарығына былтырғыдай инвестиция болмауы мүмкін екенін айтты. 

«Былтыр зейнетақы жинағындағы шекті мөлшерден артылған соманы баспана мәселесіне жұмсауға рұқсат берілген кезде бір мезетте нарыққа ақша құйылды. Биыл ондай болмайды. Біз жыл сайын шамамен 2 млн шаршы метр баспана өсімін қамтамасыз етіп келеміз. Бірақ құрылыс индустриясы бұл қарқынға ілесе алмай жатыр. Инженерлік коммуникация да үлгермей жатыр. Өйткені жылу, энергия желілерін кеңейту үшін қосымша уақыт керек. Олар бір жылдың ішінде қуатты 20-30 пайыз көтере алмайды. Сондықтан Мемлекет басшысы құрылыс индустриясы мен инфрақұрылымның қолындағы қуатты қазіргі көлеммен теңестіріп алу туралы міндет қойды. Қазір талдау жүргізіп жатырмыз. Құрылыс нарығын сәл-пәл сабасына түсіретін шығармыз», - деді министр.