10 ақп, 2021 сағат 17:30

Министр коронавирусқа қарсы жаппай вакциналау науқанына дайындық туралы айтты

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой еліміздің коронавирусқа қарсы жаппай вакциналау науқанына дайындығы туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында сәуір айындағы жаппай ерікті түрде вакциналауға Қазақстанның дайындығы туралы сұралды. Атап айтқанда, халықтың 60 пайызы сәуірде екпе салдырғысы келсе, олардың барлығын вакцинамен қамтамасыз ету мүмкіндігі туралы сұрақ қойылды. 

«Біз осы науқанға дайындалып жатырмыз. Осы мерзімде қазақстандық вакцина пайда болуы мүмкін. Вакциналау желісі бізде құрылған. Жалпы, дәрігерлер бұл науқанға дайындалды. Барлығы екпенің келіп түсуі көлеміне байланысты болатыны анық», - деді министр.

Цой барша әлемде вакцинаның тапшылығы сезіліп жатқанын атап өтті. 

«Нарыққа вакцинаның келуі деңгейіне қарай біз барша Қазақстан бойынша вакциналауды қамтамасыз етеміз. Атап айтқанда, тоңазытқыш жабдықтар тексерістен өтті. Еске сала кетейін, тұмауға қарсы вакциналауда бір ай ішінде 2 млн-нан астам адамға екпе салынды. Сондықтан біз үшін осындай көлем қалыпты түрде іске асырылады. Ең бастысы, екпенің тиімділігін көріп, вакциналау орындарына келіп, ерікті түрде коронавирустан ұжымдық қорғанысты қолдағаны маңызды», - деді ведомство басшысы. 

Осы орайда ол кезең-кезеңмен ел халқы екпе салдырудан өтетінін нақтылады. 

Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният Қазақстанда қашаннан бастап маскасыз жүруге болатынын айтты. 

«Халықтың ортасында ұжымдық иммунитет қалыптаспай, халықтың 60 пайыздан астамы вакциналаудан өтпей, масканы шешуге болмайды. Ұжымдық иммунитет қалыптасқаннан кейін ғана маскасыз жүруге болады», - деді вице-министр.