Қазақстанда автокөлік жүргізушілерінің шағымдарына орай «Рубеж» стационарлық бекеттері қысқартылды. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бүгін Парламент Сенатындағы Үкімет сағатында 2019-2021 жылдарға арналған ішкі істер органдарын жаңғырту бойынша Жол картасын іске асыру тақырыбы талқыланды.
«Елдің ішінде тұрған «Рубеж» стационарлық бекеттері қысқартылды. Атап айтқанда, автокөлік жүргізушілері тарапынан шағымдар көп түскен еді, яғни осы бекеттерде көліктер еш себепсіз тоқтатылатыны айтылған еді», - деді министр.
Оның сөзіне қарағанда, аталған бекеттер жұмысын тоқтату нәтижесінде қылмыстылық жағдайдың ушығуы орын алмаған.
«Аталған бекеттерден босаған 300 қызметкер қоғамдық тәртіпті сақтау шараларына жұмылдырылды», - деді Ерлан Тұрғымбаев.