19 жел, 2022 сағат 18:55

Министр интернет сапасының нашарлағанын мойындады

Фото: gov.kz

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин интернеттің сапасы неге төмендеп кеткенін айтты, деп хабарлайды  Sputnik Қазақстан.

Мәжілісте өтіп жатқан Үкімет сағатында Цифрлық даму министрі соңғы кезде интернет сапасы нашарлап кеткенін мойындады. Осы орайда Мусин оның себептеріне тоқталды.

"Интернет сапасы неге төмен деген шағымдар көп, оны біз мойындаймыз! Бірақ кейбір факторларға тоқталсақ. Өздеріңіз білетіндей, қазіргі уақытта цифрлық экономика, ойын-сауық контенті өсті. Мысалы TikTok, YouTube, одан да басқа қосымшалар бар, олар толығымен қолданылуда. Көріп тұрсаңыз, күнделікті өмірде таксистер де бағдаршамда тұрғанда телефонға қарап, видео көреді. Бизнестің виртуальды қарым-қатынасқа шығуы, яғни экономикалық іс-әрекеттің платформалық модельге өтуіне орай интернет траффикті пайдалану қарқыны едәуір өсуде", - деп түсіндірді ол.

Айтуынша, пандемия кезінен бастап бұл көрсеткіш 800 петабайтқа жеткен. Халықаралық телекоммуникация одағының (ITU) мәліметінше, былтыр бүкіл әлем бойынша интернетті пайдаланатын адамдар саны 4,9 миллиардтан асты. Ал дәл осы уақытта елімізде интернет пайдаланушылардың саны 90,9 пайызды құрайды.

"Интернет қолданушылар саны ғана емес, сонымен бірге олардың интернетте өткізетін уақыты да өсуде. Аталған факторлар байланыс инфрақұрылымына түсетін салмақтың артуына басты себеп", - деді Мусин.

Бұл ретте министрлік базалық станцияларды көбейту жұмысын жүргізіп жатыр. Министрдің айтуынша, интернет сапасының нашарлауына радиофобия да себеп болып отыр.

"Бүкіл әлемде ұялы байланыстың дамуына бұрыннан кедергі болған радиофобия проблемасы бар. Біздің мемлекетте де осындай топтар базалық станцияларды демонтаждау салдарынан байланыс сапасының күрт төмендеуіне себеп болады. Яғни, бұл мәселені түбегейлі шешпей, байланыс сапасын жақсарту мүмкін емес", - деді Мусин.

Ол демонтаж салдарынан интернет трафигі азаятынын, бұған қоса тұрғындар интернет трафигін күшейту құралдарын қосатынын атап өтті. Ал бұл өз кезегінде басқа үйлерде тұрған базалық станцияларға ауртпашылық түсіреді.