20 қаз, 2022 сағат 20:34

Министр ғалымдардың жалақысы 70 пайызға өскенін мәлімдеді

© Sputnik / Абзал Калиев

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ғалымдардың жалақысы 70 пайызға өскенін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Ведомствоның мәліметінше, бұған дейін ғалымдардың еңбекақысы тұрақты болмаған және конкурс нәтижесіне қарай бекітілген. Енді олар гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруға арналған конкурстық рәсімдерге қарамастан тұрақты еңбекақы алады.

Реформа 1200-ге жуық жетекші ғалымның жалақысын 70 пайызға, яғни 152 мың теңгеден 257 мың теңгеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Осы шаралар 74 ғылыми зерттеу институтының кадрлық әрі ғылыми әлеуетін және отандық ғалымдардың құзыретін нығайтуға ықпал етеді.

"Министрлік зерттеуші ғалымдарға қажетті жағдай жасауға ерекше көңіл бөледі. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында іргелі ғылым мен зерттеу институттарын базалық қаржыландыру көлемін ұлғайту мәселесі шешілді. Ғылым туралы заңнамаға тиісті өзгерістер енгізілді", – дейді Нұрбек.

Айта кетері, министрлік 2023-2025 жылдарға арналған ғылыми және ғылыми-техникалық жобалар бойынша гранттық қаржыландыруға, соның ішінде жас ғалымдарға арналған конкурстар жариялады.