Коллаж: azattyq-ruhy.kz
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Қазақстанда ең төменгі жалақы неге 300 мың емес, 85 мың теңгені құрайтынын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"2018 жылға дейін ең төменгі жалақы 28 мың теңге шегінде болған. Біз бұл ең төменгі жалақы мөлшерін әлеуметтік ең төменгі стандарт ретінде енгіздік. Яғни, осы сомадан төмен жалақы төленбеуі керек.
2018 жылы ол 42 500 теңгеге өсті, одан кейін ол 60, 70 мың теңгеге айналды және келесі жылы 85 мың теңге болады. Бұл көрсеткішті ең төменгі әлеуметтік стандарт ретінде қабылдауымыз керек және сәйкесінше жұмыс берушілердің ешқайсысы осы көрсеткіштен төмен төлемеуі керек. Бұл барлық қазақстандықтар тек ең төменгі жалақы алады дегенді білдірмейді", - деді Светлана Жақыпова брифингте.
Министр ең төменгі жалақы мөлшерінің ұлғаюы шағын және орта бизнес өкілдеріне кері әсерін тигізеді деп санайды.
"Қазақстанда ең төменгі жалақы 300 мың теңге болғаны жақсы болар еді, бірақ біз шағын және орта бизнес туралы ойлауымыз керек. Олар ең төменгі жалақыдан міндетті төлемдерді де төлеуі керек. Бұл бизнес үшін өте үлкен жүктеме болады", - деп түсіндірді ол.
Министрдің айтуынша, бұл сома әзірленген әдіснамаға сәйкес анықталған, ол әлі заңнамалық тұрғыдан бекітілмеген.
"Біз орташа жалақыға және еңбек өнімділігіне байланыстырдық. Үшінші факт, неге 300 мың болуы мүмкін емес: біз біліктілігі жоқ немесе біліктілігі төмен еңбек үшін 85 мың теңге төленетіні туралы айтып отырмыз. Яғни құзыреттілікке, дағдыға және білімге қойылатын талаптар жоқ", - деп қорытындылады Светлана Жақыпова.
Еске сала кетейік, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мың теңгеге дейін арттыруды тапсырған болатын. Бұл - 1,8 миллионға жуық қазақстандыққа, оның ішінде 350 мың бюджет саласында еңбек ететіндерге тиесілі.