Сурет ашық дереккөзден алынды
Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният бұрынғы вице-министр Олжас Әбішевтің үстінен арыз жазды. Бұл туралы бұрынғы министр Елжан Біртанов пен оның орынбасары Әбішевке қатысты апелляциялық отырыста мәлім болды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Олжас Әбішев полицияға жауап алуға шақырылғандықтан, соттан отырысты 25 қаңтарға ауыстыруды сұрады.
"Маған полициядан қоңырау шалып, қазіргі денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният осы сотта айтылған материалдарға қатысты арыз бергенін айтты. Бұл мені таңғалдырды, өйткені бұл материалдардың барлығы ашық көздерден алынған, бұл - инсайдерлік ақпарат емес. Неліктен маған полицияға арыз бергенін түсіне алмай жүрмін. Адвокат Фатима Берсанова кеше осы мәлімдемемен танысу үшін полицияға барды, бірақ бұл мәлімдемеден біз бейхабармыз, егжей-тегжейін білмейміз. Мен мұндай әрекетті қысым көрсету деп қабылдаймын, өйткені осы сотта біз Денсаулық сақтау министрлігінің қазіргі басшылығының барлық жағымсыз әрекетін көпшілік алдында көрсетеміз", – деді Әбішев.
ДСМ өкілі Мақұлбекова арыз Денсаулық сақтау министрі Ғиният қол қойды делінген Біртанов пен Әбішевті қолдау туралы петицияға қатысты екенін түсіндірді. Оның айтуынша, Әбішев сотта осы петицияның скриншотын көрсеткендік, ал Ғиният өзінің электронды қолтаңбасын қоймаған. Сондықтан министр жағдайды анықтау үшін полицияға жүгінген.
Сот алқасы өтінішті қанағаттандырмай, істі қарауды жалғастырды, өйткені сотқа Әбішевтің полицияға шақырылғаны туралы ресми өтініш түспеген.
Айта кетері, 2022 жылдың 6 желтоқсанында медицина қызметкерлері Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа Елжан Біртанов пен Олжас Әбішевке қатысты қылмыстық істі назарға алуды өтінген болатын. Петиция otinish.kz сайтында жарияланған.
Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылғы 28 қазанда бірінші сатыдағы сот Елжан Біртанов пен Олжас Әбішевті денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру процесінде лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланғаны үшін кінәлі деп таныды. Біртановқа 5 жыл бас бостандығын шектеу жазасы берілді, Әбішев төрт жылға бас бостандығын шектелді.
Қорғаушы тарап сот үкімімен келіспеді. Бұрынғы шенеуніктердің апелляциясын судья Айбек Әмірғалиевтің төрағалығымен Сарыарқа аудандық № 2 сотының сот алқасы қарайды.