Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев «жаңбыр адамы» Алтай Айнабектің Аралдың арнасын жаңбыр шақыру тәсілі арқылы қалпына келтіру жобасы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Kazinform ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында БАҚ өкілі Алтай Айнабектің әлеуметтік желіде көп талқыланып жүрген жобасына министрлік қандай баға беретінін сұрады.
"Біріншіден, бұл күндері біздің Қазгидрометтің болжамы бойынша жаңбыр жауу керек болатын. Мәселен, мынау алғашқы 10 күнге берілген болжам әр кез өте нақты болады. Екіншіден, дүние жүзіндегі осы мәселемен айналысатын ғалымдар да, мекемелер де иондау тәсіліне күмәнмен қарап отыр. Бұл өзі — былай адам сеніңкіремейтін, әрі нақты дәлелі жоқ тәсіл. Арал өңіріндегі жаңбыр туралы айтсақ, әрине біз қызығушылық танытып, Қазгидромет мамандарын шақырып қарадық. Синоптик болжамы бойынша сол күндерге жаңбыр белгіленген. Сол себептен дүниежүзіндегі ғалымдардың ұстанымымен айтсақ, бұған көп сене беруге болмайды", — деді Е.Нысанбаев.
Еске сала кетейік, соңғы күндері Алтай Айнабек атты ғалым Арал теңізін суға толтыру үшін жаңбыр шақырып, еңбектеніп жатқанын айтып, әлеуметтік желіде танымал болған еді.