Фото: ҚР Үкіметі баспасөз қызметі
Алматыда жекеменшік мектептің оқушысы зорланғаны туралы баланың анасы мәлім еткен болатын. Осы мәселеге қатысты Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.
«Бұл мәселе Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің толыққанды бақылауында тұр. Қазір қылмыстық іс жүріп жатыр. Соның нәтижесіне байланысты нақты жауап болады деп санаймыз. Атап айтқанда, балаға, ата-анаға тиісті қолдау көрсету жағынан аталған комитет жергілікті басқармамен бірге жұмыстарды үйлестіріп жатыр», - деді Бейсембаев Сенатта тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Оның айтуынша, осы мәселеге қатысты жергілікті балалардың құқығын қорғау өкілдігі және басқа да тиісті қоғамдық ұйымдар тартылған.
Сонымен қатар тілшілер «балаға қатысты бұл оқиға мектеп дәретханасында болған ба?» деп сұрады.
Өз кезегінде министр бұл ақпаратты нақтылау керек екенін айтты.
«Тергеу жұмыстары аяқталғаннан кейін нақты мән-жайды білетін боламыз», - деді Бейсембаев.
Бұған дейін Алматы тұрғынының 1-сыныптағы баласының зорланғанын мәлімдегені туралы хабарлаған едік. Кейін осы оқиғаға бойынша қылмыстық іс қозғалды.