Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов төтенше жағдай кезінде әлеуметтік төлем неге барлық азаматқа берілмейтінін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Неге 42 500 теңге барлық азаматқа бірдей берілмейді? Төтенше жағдайға байланысты Үкімет тарапынан біраз көмек қарастырылды, әлі де жалғасып жатыр. Бір жағынан несие, салық, қарыздар шегерілді. Зейнетақы мен жәрдемақы тоқтаған жоқ. Олар қайта ұлғайды. Мамыр айындағы зейнетақы мен жәрдемақы сәуірде қосылған үстемемен бірге төленеді. Халықтың тұрмысы төмен тобына коммуналдық шығындарды өтеу үшін 15 мың теңгеден берілетін болды. Азық-түлік жағынан да көмек қарастырылды", – деді Нұрымбетов онлайн брифингте.
Министр осындай көп көмектің бірі төтенше жағдайға байланысты кірісінен айырылғандарға берілетін 42 500 теңге екенін атап өтті.
"Сондықтан бұл бөлек төлем болғаннан кейін оның шарттары бар. Оның негізгісі – алып жүрген жалақыңыздан, тауып жүрген табысыңыздан төтенше жағдай салдарынан айырылған жағдайда төленетін төлем", – деді ведомство басшысы.
Бұған дейін министр 42 500 теңге алғаны үшін бірде бір азамат қылмыстық жауапқа тартылмайтынын мәлімдеді.
Еңбек министрлігінің ақпаратынша, әлеуметтік төлем 3,6 миллион адамға төленген. Тағы үш миллиондай адам әртүрлі себепке байланысты жәрдемақыға ілікпей қалды.