01 нау, 2021 сағат 10:55

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырумен қанша қазақстандық қамтылған?

3 миллионнан астам қазақстандық Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырумен қамтылмаған. Бұл туралы бүгін «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» ҰАҚ басқармасының төрағасы Болат Төкежанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Медициналық сақтандыру жүйесін іске асырудың бірінші жылы барлығымыз үшін үлкен сынаққа – коронавирус пандемиясына тап болды. МӘМС іске асырудың бірінші жылының қорытындылары медициналық сақтандыру жүйесінің іске қосылғанын, осы төтенше кезеңде денсаулық сақтау саласы үшін қаржылық «қауіпсіздік жастығын« құрғанын және ең бастысы, медициналық көмек көлемін ұлғайту үшін жағдай жасағанын көрсетті», - деді ол Денсаулық сақтау министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында. 

Оның айтуынша, бүгінде Қазақстан тұрғындарының 84 пайызы медициналық сақтандыруға қатысушы болып отыр. Тіпті пандемия кезіде бизнестің және халықтың төлем қабілеті төмендеуіне қарамастан жүйеге қатысушылардың саны 1 млн адамға артып, 15,9 млн-ға жетті. 

«Әлі де 3 млн-нан астам қазақстандық жүйемен қамтылмаған. Осыған орай халықты МӘМС-ке тарту бойынша жүйелі жұмыстарды жүргізу қажет. Өңір әкімдері «Атамекен» ҰКП-ны, Мемлекеттік кірістер комитетінің аумақтық бөлімшелерін және медицина ұйымдарын жұмылдыру арқылы өңірлік штабтардың тиімділігін арттыру керек. Бұл мәселеге тұрғындарының қамтылуы 80 пайызға жетпейтін Қостанай, Алматы, Түркістан, Жамбыл облыстарының, Шымкент қаласының әкімдіктері ерекше назар аударуы тиіс», - деді Болат Төкежанов.