Әнші Мейрамбек Бесбаев "Көлсай" ұлттық саябағының аумағында гидті соққы жықты деп айыпталған әнші Төреғали Төреәліге қолдау білдірді. Ол Instagram парақшасында көпшіліктен өнердегі інісіне кешіріммен қарауды сұрады.
Өнер иесінің айтуынша, Төреғали Төрәлі мен арызданушы азамат татуласқан.
"Төреғалидің бүгінгі жағдайын ойласам: "Қолымда бір қамшым бар сәліңгірдей, Атандым елге тентек кәдімгідей. Бір тентек ел ішінде жүрмей ме екен, Соңыма неге түстің бәрің бірдей?", - деген Аманғали Серінің өлең жолдары еріксіз еске түсе береді.
Төреғали інімнің басы дауға іліккелі әркім жағдайды сан саққа жүгіртіп жатыр. Көре алмайтындар "сауап болды" деп күндесе, жақсы білетіндер "жаңылғаны шығар" деп демеу болып жатыр. Бас жарылып, көз шыққан дәнеңе жоқ. "Ер шекіспей, бекіспейді" деген де бар бұл қазақта. Екі жігіт шекісіп қалып, енді қол алысып, құшақтасып жатса, достыққа қарай қадам басса, бұл бәріміздің ұтқанымыз емес пе! Шекіскен екі жақ бітімге келіпті. Оған құқық қорғау органдары да қарсы болмас деп ойлаймын. Өз балаларыңды өзегінен тебем десеңіздер еріктеріңіз білсін.
Төлеген Айбергеновтің "Қисықтығын өзгенің, түзу тұрып дәлелде" деген жолдарын еске алсақ, ең әуелі бәріміздің бойымызда бар өз мінімізден ұялар ек. Төреш өз мінезін игере алмапты, дұрыс емес. Бірақ кім бізге өз жақсысын әкеп береді дейсіз?! Жігітке тән шалт мінез, жасындай жарқ еткен эмоциямен екі азамат бірін-бірі ренжіткені рас. Дегенмен арты жақсылықпен аяқталып отыр. Бұл да мәмілеге асығатын, жау болғанша бауыр болуға ұмтылатын өзіміздің қазақи болмысымыз емес пе! Енді біз де елдігімізге жараспайтын ұсақ-түйек өсекті тоқтатып, керісінше ел іші даудан, сырты жаудан аман болсын деп тілейік", - деп жазды Мейрамбек Бесбаев.
Айта кетейік, әнші жазбаға пікір қалдыру мүмкіндігін өшіріп қойған.
Еске сала кетсек, бұған дейін Төреғали Төреәлі "Көлсай көлдері" табиғи паркінде жас жігітті соққыға жықты деп айыпталған болатын. Кейін бұл жайт бойынша қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды. 30 қыркүйекте әншінің ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалғаны хабарланды. Ал бірнеше күн бұрын Төреғали Төреәлінің тергеу изоляторынан кепілдікпен босатылатыны белгілі болды.