Мейрам Қажыкен кезектен тыс Президент сайлауына кандидат ретінде тіркелу үшін Орталық сайлау комиссиясына құжат тапсырды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ОСК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"4 қазанда ОСК-ға Қажыкен Мейрам Зекешұлын "Аманат "Қазақстан кәсіподақтар достастығы" Республикалық кәсіподақтар бірлестігінен Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат етіп ұсыну туралы құжаттар тапсырылды", - делінген хабарламада.
Еске салайық, 28 қыркүйекте "Аманат "Қазақстан кәсіподақтар достастығы" орталық атқару комитеті отырысы өтті. Сол кезде Мейрам Қажыкен осы ұйымнан кандидат ретінде ұсынылған.
Мейрам Қажыкен 1961 жылы 5 сәуірде Павлодар облысы Май ауданында дүниеге келген. Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтын (инженер-гидротехник), Мәскеу гидромелиоративтік институтының аспирантурасын, Қазақстан Республикасы президенті жанындағы Ұлттық жоғары мемлекеттік басқару мектебін бітірген.
Экономика ғылымдарының докторы, профессор, қазіргі қоғамды зерттеу институтының директоры, әлеуметтік-экономикалық жүйені, бейімделген экономиканы дамыту және Қазақстан Республикасының Бірыңғай еңбекақы төлеу жүйесі тұжырымдамасы жөніндегі кітаптардың авторы. Ол - Yntymaq партиясын құру жөніндегі бастамашыл топтың көшбасшысы.