30 қыр, 2023 сағат 16:21

Мешітте баланы ұрған имам жұмыстан шығарылды


Бас мүфти "Хидаят" мешітінің имамын жұмыстан шығарыды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Ресми мәліметке сәйкес, Шелек ауылындағы "Хидаят" мешітінде болған оқиғадан кейін жергілікті билік өкілдері, ауыл тұрғындары, дін қызметкерлері, мешіт жамағаты және баланың ата-анасының қатысуымен арнайы кездесу өтті.

Сол жерде имам өз қателігін мойындап, баланың ата-анасынан, сондай-ақ көпшіліктен кешірім сұрады. Баланың заңды өкілдері имамның кешірімін қабыл алып, екі тарап өзара бітімге келді.

"Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бұл оқиғадан тиісті қорытынды шығарды және өрескел әрекетке жол берген дін қызметкеріне шара қолданды. Бас мүфтидің бұйрығымен "Хидаят" мешітінің имамы жұмыстан шығарылды", - делінген ресми хабарламада.

Алдағы уақытта осындай келеңсіз оқиғалар орын алмас үшін имамдармен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Айта кетейік, имам намаз кезінде баланы шапалақпен ұрып жіберген. Бала шалқасынан құлап түсті. Осы оқиғаның видеосы бейнебақылау камерасына түсіп қалды.