Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев МАГАТЭ Бас директорының орынбасары Мэри Элис Хейуордпен кездесті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" elbasy.kz сайтына сілтеме жасап.
Елбасы кездесу барысында Қазақстанның МАГАТЭ-мен ынтымақтастық деңгейінің жоғары және өзара іс-қимылының тиімді екенін атап өтті.
- Бүгінгі салтанатқа қатысқаныңыз үшін алғыс білдіреміз. Қайтыс болған Амано мен Лассина Зербо мырза берілген марапатқа лайық деп санаймын. Қазақстан МАГАТЭ-мен белсенді жұмыс істейді. Біз ядролық сынақ полигонына іргелес жатқан аумақтарды қалпына келтіру бойынша бірлесіп қызмет етеміз және төмен байытылған уран банкінің жұмысына қатысамыз. Біздің «Қазатомпром» компаниясы - аталған Банктің жеткізушілерінің бірі», - деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Өз кезегінде Мэри Элис Хейуорд Елбасына МАГАТЭ-ні белсенді қолдағаны және бірлескен жобаларды жүзеге асыруда жемісті ынтымақтастығы үшін алғысын жеткізді.