Мемлекеттік органдардың 310 сайты 2020 жылдың соңына дейін бірыңғай платформаға біріктіріледі. Бұл туралы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде ведомство басшысы Асқар Жұмағалиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгінгі күні мобильді үкімет әр азаматтың қалтасына смартфон ретінде «сыйып кеткен». Бұл нені білдіреді? eGov mobile мобильді қосымшасында барлық қажетті құжат, атап айтқанда, жеке куәлік, туу туралы куәлік, неке туралы куәлік – бәрі жүктелген. «Жаңа технологиялар туралы» заңның шығуымен аталған құжаттардың мәртебесі қағаз жүзіндегі түпнұсқа құжаттармен теңеседі», - деді Асқар Жұмағалиев.
Сонымен қатар, министрдің айтуынша Ішкі істер министрлігімен бірге жүргізуші куәлігін аталған қосымшаға қосу мәселесі пысықталып жатыр.
«Бір көлігі бар отбасындағы екі адам үшін бұл өте ыңғайлы болмақ. Техникалық құжаттарды беріп отырудың қажеттігі артта қалады. Мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарының бірыңғай платформасы меморгандар мен әкімдіктердің шашырап жатқан сайттарын GGOV.kz бірыңғай сайтына біріктіруге мүмкіндік береді», - деді министр.
Асқар Жұмағалиев мемлекеттік органдардың 310 сайты жыл соңына дейін бірыңғай платформаға біріктірілетінін мәлімдеді. Жоба 2 млрд теңгелік бюджет қаражатының үнемделуіне жол ашып, сайттардың 100 пайыз қолжетімді болуын қамтамасыз етеді.