18 нау, 2021 сағат 16:15

Меморгандар әскери қызметке қатыстылық туралы анықтама талап етпейтін болады

Тағы 6 анықтама ақпарттық қызмет тізімінен алынып тасталмақ, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Жуықта мемлекеттік органға жүгінушілерден сұралатын 6 анықтама қолданыстан алынуы мүмкін. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Дархан Жазықбаев айтты. 

«Азаматтардан ақпараттық қызметтерді сұратуды жою мақсатында тағы да 6 түрлі анықтамалық қызметтер тізілімнен алынып тасталады. Олар: «Азаматтың әскери қызметке қатынасы туралы анықтамалар беру», «Жылжымалы мүлік кепілінің тізілімінен үзінді беру», «Жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар және тоқтатылған құқықтар туралы анықтамалар беру», «Жылжымайтын мүлік иесі туралы мәліметті қамтитын техникалық паспортқа қосымшаны беру», «Тауар белгілері, тауар шығарылған жерлердің атаулары мемлекеттік тізілімдерінен үзінді көшірмесін ұсыну» және «Заңды тұлғалар» мемлекеттік дерекқорынан анықтама беру», - деді ведомство өкілі. 

Дархан Жазықбаевтың сөзіне қарағанда, аталмыш өзгерістердің жобасы қазір Әділет министрлігінің қарауында жатыр.