08 қаз, 2024 сағат 16:30

Мемлекеттік өнер музейінде Айжан Бекқұлованың жеке көрмесі ашылды

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік өнер музейінде белгілі қазақстандық суретші, «Құрмет» орденінің иегері, ҚР Қолөнершілер одағының төрағасы Айжан Бекқұлованың 70 жылдық мерейтойына арналған «Тамаша адамдар өмірі» атты жеке көрмесі ашылды, деп хабарлайды Ult.kz Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.

Көрмеде Айжан Бекқұлованың 1990-шы жылдардан бастап қазіргі уақытқа дейін жасаған жүзден астам туындысы ұсынылған.


Ретроспективалық экспозицияда тоқыма, киіз басу, қасиетті қуыршақтар, зергерлік әшекейлер, этникалық киімдер, сондай-ақ металдан, керамикадан, ағаштан және киізден жасалған, басқа шеберлермен және суретшілермен бірлесіп жасалған жұмыстар ұсынылған. 

"Бұл жеке көрме жинақталған тәжірибенің, түрлі елдердің мәдениеттерімен танысудың, түрлі технологиялардың көркемдік көріністерінің ерекшелігі туралы көп жылдық ойлардың, шығармашылық адамдармен әңгімелер мен сұхбаттардың нәтижесі. Көрмеге қойылған жұмыстар оны ұлттық мәдени кодтың генетикалық сезіміне негізделген және қазіргі заманның ырғақтарымен, нысандарымен, белгілерімен, ой үлгілерімен байытылған өзіндік авторлық қайталанбас стилін қалыптастырған дарынды суретші ретінде көрсетеді", - делінген хабарламада.

«Мен әрқашан ерекше адамдарды кездестіру бақытына ие болдым. Олар  әлемге және  жеке өмірге деген менің көзқарасымда шешуші рөл атқарады. Кісіні таң қалдыратын, шабыттандыратын, қуантатын және дүниетанымын өзгертетін ол - адамдар. Олар үйретеді, ақыл-кеңес береді, сіздің пікіріңізді сұрап, өз ойымен бөліседі. Менің жеке көрмем –  маған көңіл бөлген, қарым-қатынас, қуат берген, тек жағымды сезімдер ғана емес, сонымен бірге шығармашылығыма құштарлық сыйлаған адамдарға білдірген үлкен алғысымның белгісі. Менімен бірге шығармашылық ынтымақтастықта жұмыс істегендерге рахмет», - дейді Айжан Бекқұлова.



Экспозиция қараша айының 5-не дейін жалғасады.


Айжан Бекқұлова 1954 жылы 27 қыркүйекте Алматы қаласында дүниеге келген. 1976 жылы Халық шаруашылығы институтын қызыл дипломмен бітіріп, содан кейін Қазақфильм киностудиясына Кинокартина директоры қызметіне жұмысқа орналасты. Сергей Соловьев, Ираклий Квирикадзе, Сергей Бодров сияқты көрнекті киноматографистермен жұмыс істеді.

1981 жылы Айжан Бекқұлова Мәскеудегі КСРО ГОСКИНО жанындағы Бүкілодақтық кинематография шығармашылығы және басшы қызметкерлерінің біліктілігін арттыру жоғары курсын аяқтап, киностудиядағы жұмысын жалғастырды.

1993 жылы Т. Жүргенев атындағы театр-көркемсурет институтын «Монументалды тоқымашылық» мамандығы бойынша бітірді.

Сол жылдан ол «Шығармашылық бастамашы әйелдер лигасының» бірлескен ұйымдастырушысы және вице-президенті болды. Лига бүгінге дейін түрлі салаларда әйелдерді әлеуметік қолдау және білім жетілдіру мәселелерімен айналысып келеді.

2003 жылдан Айжан «Our Heritage» (Біздің мұра) қоғамдық қорының  президенті ретінде қоғамдық қызметтер атқарды. Қордың негізгі міндеті - Қазақстан қолөнерін жаңғырту, сақтау және дамыту.

2005 жылы Айжан «Our Heritage» қоғамдық қорының атынан ҚР Мәдениет министрлігімен, UNESCO және Еуразия қорымен бірлесіп, Шеврон, KCell т.б. компаниялардың қаржылық қолдауымен «Қазақстанда қолөнерді дамыту және халық көркемөнер кәсіпшілігін жаңғырту» тақырыбымен қолөнерді дамыту жөніндегі ұлттық бағдарламаны әзірлеу мақсатында аталмыш бағдарламаның Қазақстандық үйлестіру кеңесін құрды. Қолөнершілікті дамыту жөніндегі ұлттық бағдарлама құрылғаннан кейін «Our Heritage» қоры оны іске асыруға кірісті. Астанада ұйымдастырылған қолөнершілердің бірінші халықаралық конференциясына 150 делегат қатысты, олар үшін Қор бизнес негіздері, маркетинг, Қазақстанның дәстүрлі қолөнері - зергерлік өнер, киіз, ағаш ою, кесте тігу, кілем тоқу бойынша Қазақстанның Өскемен, Қарағанды, Астана, Шымкент, Ақтөбе, Ақтау, Алматы  және т.б. қалаларында оқыту семинарларын ұйымдастырып өткізді.

«Heritage» қоры Азия-Тынық мұхиты аймағындағы Дүниежүзілік қолөнер кеңесінің қызметіне де белсене атсалысты.

2008 жылы  Кеңесте Айжан Бекқұлова  вице-президент болып тағайындалды және еліміздің ұлттық мұрасын сақтау, қолөнерді Қазақстанда және одан тыс жерлерде дамыту және насихаттау бойынша жұмысын жалғастырды.

2009 жылы Айжан Бекқұлова «Шебер» қазақстандық шеберлер фестиваліне бастамашы болды. Байқау қолөнершілердің шеберлігін, қолөнер бұйымдарының сапасын арттыруға, ұмыт қалған технологиялар мен қолданбалы өнер техникаларының ассортиментін кеңейтуге және жаңғыртуға ықпал етті.

2012 жылы Айжан Бекқұлова Қазақстан Қолөнершілер одағын құрды, ол қазір Қазақстанда ғана емес, елімізден тыс жерлерде де елеулі мәртебеге ие қоғамдық ұйым.

2013 жылдан бастап Айжан Бекқұлова Қазақстан қол қойған Материалдық емес мәдени мұра туралы ЮНЕСКО конвенциясының аясында Материалдық емес мәдени мұра жөніндегі Ұлттық комитеттің (МҰК) мүшесі және сарапшысы болып табылады. Айжан көп жылдар бойы Қазақстанда және елден тыс жерлер - Францияда, Германияда, АҚШ-та, Қытайда, Үндістанда және басқа да көптеген елдерде фестиваль, көрме мен конкурстардың кураторы және ұйымдастырушысы ретінде белсенді қызмет атқарып келеді. Қазіргі уақытта Айжан дәстүрлі және қазіргі заманғы сәндік-қолданбалы өнер бойынша сарапшы, Қазақстанның қолөнершілігі бойынша мақалалардың ұйымдастырушысы, спикері, кураторы, жаттықтырушысы және авторы. Сондай-ақ студенттер мен оқытушылар, кәсіби шеберлер үшін Қазақстан, Түрікменстан, Қырғызстан және басқа да елдерде Қазақстанның қолөнері мен өнерін танымал ету мақсатында көптеген халықаралық конференцияларда, симпозиумдарда, форумдарда қызмет атқарады.