Әлеуметтік желі қолданушысы Гүлжәмилә Сәрсенбайқызы үкіметтен 10 сотық жер алу кезегіне тұрып, жылдар өте діттеген мақсатына жеткенін айтты. Бұл туралы "Ұлт ақпарат" хабарлайды.
Айтуынша, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әрбір қазақстандық 10 соттық жер алуға электронды түрде өтінім бере алатын мүмкіндік жасауды тапсырған сәтте-ақ, ол өтінім тастаған. Өзімен қоса, ағайын-туыс бәрінің атынан жан-жаққа жер алуға кезекке тұрғызған.
Бір адам 5 жерге дейін кезекке тұруға болады, қайсыбірінің кезегі бірінші келеді содан алады да, қалған кезектен автоматты түрде шығарылады деген соң, елдегі үлкен 3 мегополискке кезекке тұрдым да, содан қалғанын, ойлана келе, айдаладағы бір ауылға өтінім тастаған едім, - дейді Сәрсенбайқызы.
Осылайша қыз Түркістан облысы, Отырар ауданы, Балтакөл ауылы, Көлқұдық елді мекенін белгілеген. Бұл жер марқұм әкесінің туған жері екен. Айтуынша, 2 жыл бұрын тоғызыншы болған кезегі биыл жетіп, мәре-сәре болып жатқан көрінеді.
"Енді әкемнің өскен ауылында менің де үйім болады. "Айтылды-орындалды" дегеннің мысалы болып отырмын ғой, құрметті Ақорда! Осыдан-ақ біле беріңіз Түркістан облысы әкімдігіне қарасты аудан әкімшіліктері қалай тапсырманы орындайтынын. Ендігі мәселем - үйді кірпіштен тұрғызайын ба, әлде шлактан ба, цемент нешеден болып жатыр екен?", - деп мақтады қыз.