10 қыр, 2024 сағат 10:42

Мемлекет қайраткері Сәт Тоқпақбаевқа «Халық қаһарманы» атағы берілді

Фото: madeniportal.kz

Президент Жарлығымен Қазақстан Республикасына сіңірген аса үздік еңбегі үшін Сәт Бесімбайұлы Тоқпақбаевқа «Халық қаһарманы» атағы берілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Сондай-ақ мемлекет қайраткеріне айрықша ерекшелік белгісі – Алтын жұлдыз бен «Отан» ордені тапсырылды. 

Сәт Бесімбайұлы Тоқпақбаев (7 қыркүйек 1939 жыл Алматы облысы Іле ауданы ҚазЦИК ауылы) — Қазақстан мемлекеттік қайраткері.

С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін (1963) заңгер мамандығы бойынша;

КСРО МҚК №302 Минск мектебін;

КСРО СІМ Жоғары дипломатиялық мектебін (1971) бітірген.

1956 жылдан - Алматы облысы Іле ауданының «Комсомол» үжымшарында жұмысшы.

1957 жылдан - Алматы облысындағы Боралдай кірпіш зауытының вагоншы-жұмыскері.

1958 жылдан - С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің студенті.

1963 жылдың шілде айынан -Алматы облыстық прокуратурасының тергеушісі.

1963 жылдың қыркүйек айынан - КСРО МҚК №302 Минск мектебінің курсанты; КСРО МҚК кадрлық офицері, жедел өкілден ҚазКСР МҚК Басқармасының бастығы лауазымына дейінгі қызмет жолын өткен.

1991 жылдың қараша айынан - Алматы қаласы және Алматы облысы бойынша ҚР МҚК Басқармасының бастығы.

1993 жылдың маусым айынан - ҚР ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары.

1993 жылдың желтоқсан айынан - ҚР ҰҚК төрағасы.

1995 жылдың қараша айынан - ҚР Президенті Күзет қызметінің бастығы - ҚР Республикалық гвардиясының қолбасшысы міндетін атқарушы.

1997 жылдың наурыз айынан - ҚР Республикалық гвардиясының қолбасшысы.

1999 жылдың қазан айынан ҚР қорғаныс министрі.

2001 жылдың желтоқсан айынан ҚР Президентінің кеңесшісі - Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және ҚР мемлекеттік қызметкерлерінің қызмет әдебін сақтауы жөніндегі комиссияның төрағасы - ҚР Президеті жанындағы Азаматтық мәселелері жөніндегі комиссияның төрағасы.

2002 жылдың қыркүйек айынан - «Еуро-Азия Эйр Интернэшнл» ААҚ Халықаралық еуразиялық әуе компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы.

2007 жылдан бері - ҚР Парламенті Мәжілісі 4-ші шақырылымының депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі.

ҚР Қауіпсіздік кеңесінің мүшесі (2002 жылға дейін).