19 ақп, 2021 сағат 09:18

Мемлекет басшысы: Салық Зимановтың мол мұрасы ел игілігіне айнала береді

Бүгін Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ҚР ҰҒА академигі, заң ғылымдарының докторы, профессор Салық Зимановтың 100 жылдығына арналған «Салық Зиманов: азамат, ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Іс-шара ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында ұйымдастырылып отыр. Конференция Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауымен ашылды. ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов Мемлекет басшысының құттықтау сөзін оқыды.

«Құрметті конференцияға қатысшылар! Бүгін аса көрнекті ғалым, академик Салық Зимановтың туғанына 100 жыл толды. Бүгін заң ғылымы ғана емес, бүкіл еліміз үшін айтулы күн. Салық Зиманұлы тәуелсіз Қазақстанның құқықтық негіздерін қалыптастыруға орасан зор еңбек сіңірді. Ол мемлекеттік, Егемендік туралы декларацияны, Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Конституциялық заңды – алғашқы Ата Заңымызды әзірлеуге ат салысты. Сондай-ақ, Қазақстандағы парламентаризм институтын дамытуға барынша үлес қосты. Әйгілі ғалым құқық саласының қыр-сырына терең бойлап, тағылымды еңбектер жазып қалдырды. Әсіресе еліміздің саяси және құқықтық даму тарихы, билер институты сияқты үлкен тақырыптарды терең зерттеді. Оның мол мұрасы алдағы уақытта да ел игілігіне айнала беретіні анық», - делінген Мемлекет басшысының құттықтау сөзінде.

Президенттің айтуынша, Салық Зиманұлы ұлағатты ұстаз ретінде көптеген білікті заңгерлер тәрбиелеп өсірді. 

«Оның шәкірттері ел экономикасының түрлі саласында табысты еңбек етіп жүр. Оның мерейтойы Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. мұның символдық мәні зор. Туған еліне қалтқысыз қызмет еткен Салық Зимановтың ғибратты ғұмыры жас ұрпаққа әрдайым үлгі-өнеге. Конференция жұмысы табысты болсын, егеменді еліміз өркендей берсін!», - дейді Мемлекет басшысы. 

Іс-шара аясында Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дың заң факультетінде академик Салық Зиманов атындағы аудиторияның ашылуы өтіп, ғылыми еңбектері мен өмірбаянының фотоматериалдар көрмесі ұйымдастырылады.