03 шіл, 2019 сағат 18:05

Мемлекет басшысы Polpharma компаниясы бақылау кеңесінің төрағасы Ежи Старакпен кездесті

Мемлекет басшысы Polpharma компаниясы бақылау кеңесінің төрағасы Ежи Старакпен кездесті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстандағы дәрі-дәрмек шығару жөніндегі бірлескен жобалардың іске асырылуы туралы ақпарат берілді. Қазақстан Президенті Polpharma компаниясының фармацевтика саласында ғасырға жуық тәжірибесін атап өтіп, оның Польша нарығындағы көшбасшылардың бірі екенін және еліміздегі осы саланың дамуына ерекше  үлес қосып отырғанын айтты.

– Шетелдік инвесторлар кеңесінің жұмысына қосқан үлесіңіз бен Арыс қаласына гуманитарлық көмек бергеніңіз үшін айрықша ризашылық білдіремін, – деді Мемлекет басшысы.

Ежи Старак Қазақстанда өте жақсы инфрақұрылым қалыптасқанын және оны дамытуға көп күш-жігер жұмсалғанын айтып, компанияның қазақстандық серіктестермен тиімді әрі табысты ынтымақтастығы тың серпін алатынына сенім білдірді.