16 қар, 2022 сағат 21:16

Мемлекет басшысы креативті индустрия өкілдерінің қызметімен танысты


Мемлекет басшысы Алматыда креативті индустрия өкілдерінің қызметімен танысты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.

Президент жас кәсіпкерлермен кездесу барысында креативті индустрияның қазіргі әлемде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

– Қазақстан креативті индустрия саласында алдыңғы қатарға шыққанына өте қуаныштымын. Бұл тұрғыда Қазақстан туралы оң пікірлер айтыла бастады. Осындағы азаматтар бұған зор еңбек сіңірді. Сіздерге шын жүректен ризашылығымды білдіремін, – деді Мемлекет басшысы.


Қасым-Жомарт Тоқаевқа мегаполисте қандай стартап-жобалар жүзеге асырылып жатқаны және жасанды интеллектіні бизнесте пайдалану қаншалықты тиімді екені айтылды. Мемлекет басшысына Алматыда ғана емес, бүкіл елімізде креативті индустрияны дамытудың негізгі перспективалары таныстырылды.

Президент жас мамандардың осы саладағы жетістіктерін жоғары бағалады. Сондай-ақ бүгінде креативті секторды қолдау мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі екенін жеткізді.

Мемлекет басшысы кездесуге қатысушылардың бастамаларына табыс тіледі.