14 ақп, 2020 сағат 19:23

Мемлекет басшысы қауіпсіздік жөніндегі 56-шы Мюнхен конференциясының ресми ашылу рәсіміне қатысты

Рәсім барысында қауіпсіздік жөніндегі Мюнхен конференциясының төрағасы Вольфганг Ишингер, Германия Президенті Франк-Вальтер Штайнмайер және Франция Президенті Эмманюэль Макрон сөз сөйледі.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев конференция асында өтетін панельдік пікірталаста өңірлік қауіпсіздік мәселесі бойынша «Географиялық орналасудың маңызы: Орталық Азия туралы әңгіме» тақырыбында сөз сөйлейді деп жоспарланған. Мемлекет басшысы өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жайында өзінің ой-пікірін ортаға салады. 

Мюнхенде өтетін іс-шараға қатысуға 40-қа жуық мемлекеттің басшылары, 100-ден астам сыртқы саяси және қорғаныс ведомстволарының жетекшілері, халықаралық қатынастар саласындағы беделді сарапшылар келді.

Қауіпсіздік жөніндегі 56-шы Мюнхен конференциясының күн тәртібінде әлемдік дамудың және жаһандық қауіпсіздіктің өзекті мәселелері қарастырылады. Конференцияға қатысушылар сауда соғыстары мен санкциялардың проблемалары, Таяу Шығыстағы ахуал, Еуропалық одақ, АҚШ, Ресей, Қытай және басқа да елдермен арадағы өзара қатынастарды, Еуропадағы қауіпсіздіктің сын-қатерлері, Еуропалық одақ пен НАТО-ның келешегі, сондай-ақ, киберқауіпсіздік пен денсаулық сақтау салаларындағы қазіргі заманның қауіп-қатерлері, жалған ақпаратарға тосқауыл қою және басқа да мәселелер талқылайды.