М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер инстиутының директоры, филология ғылымдарының докторы Кенжехан Матыжанов ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында жасаған мәлімдемесіне қатысты өз ойын білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Кенжехан Матыжановтың айтуынша, Мемлекет басшысы елдегі жағдайға толық сараптама жасаған.
«Мемлекет басшысы елдегі жағдайға толық сараптама жасады. Президент халықтың жанын жегідей жеген күрделі мәселелердің барлығынан хабардар және оны терең зерттеген. Жағдайды жедел сауықтырып, түбегейлі реформалар жасауға дайын екендігін көрсетті. Ол өзінің елдегі ахуалды толық білетіндігін және оны халықпен бірлесе отырып шеше алатын саяси күш- жігерін айқын танытты», - дейді М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер инстиутының директоры.
Сонымен қатар, ол іштегі аяқтан шалатындармен алдағы күрес бұдан да қиын болатынын тілге тиек етті.
«Сондықтан да, қадірлі ағайын, Мемлекет басшысы мен жаңа сайланған Үкімет басшысына халық қолдауы ауадай қажет. Бір болайық, еліміздің тағдыры үшін жұдырықтай жұмыла білейік, Қазақ жұрты», - деді ол.