16 нау, 2022 сағат 13:50

Мемлекет басшысы БАҚ туралы заңды қайта қарауды ұсынды


ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңды қайта қарау керектігін алға тартты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Отандық БАҚ-тың ел өңірлерінде және әлем болып жатқан үдерістер туралы өз көзқарасы болуға тиіс. Еліміздің ақпараттық қауіпсіздігі, тіпті идеологиялық дербестігі осыған тікелей байланысты. Мемлекет ашық ақпарат кеңістігін қалыптастыруға ерекше көңіл бөледі. БАҚ өзекті мәселелерді көтере алады және көтеруі керек, бірақ мұны үлкен азаматтық жауапкершілікпен жасау керек. Сырттан тапсырыс бойынша емес, көлеңкелі төлемақы үшін немесе саяси топтар үшін жұмыс істемеуі керек. БАҚ өкілдері өз елі мен оның азаматтары үшін шын жүректен алаңдауы керек», - деді Мемлекет басшысы. 

Сөз арасында Президент БАҚ-тың төртінші билік екенін тағы бір еске салды. 

«Осы орайда тілшілер қауымына арнайы жүгінемін. Одар арғы демократиялық өзгерістер тәуелсіз және жауапты бұқаралық ақпарат құралдарынсыз мүмкін емес деп санаймын. Сондықтан мемлекеттің мүддесі мен қоғамның сұраныстарын және медиа саланың даму тенденцияларын ескере отырып, БАҚ туралы заңды қайта қарау қажет», - дейді ол.