Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік салаға жауапты құрылым қызметкелерінің өз жұмысын талапқа сай атқара алмай отырғандығын айтты.
Бұл мәселені Президент Алматы қаласын одан әрі дамыту мәселелері жөнінде өткен кеңес барысында қозғады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Мемлекет басшысы жиын барысында сөйлеген сөзінде әлеуметтік салаға ерекше назар аударды.
Президент ерекше күтімге мұқтаж жандарды қолдаудың және оларға барынша қолайлы орта қалыптастырудың маңыздылығын жеткізіп, оны мемлекеттің әлеуметтік саладағы басты міндеттерінің бірі деп атап өтті.
Мемлекет басшысы бұл бағытта қала әкімдігі мен жауапты құрылымдар өз жұмысын тиімді атқармай отырғанын тілге тиек етті.
Осыған орай қала әкімдігіне мұқтаж жандарды оңалту жабдықтарымен қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеуді, сондай-ақ, әлеуметтік және басқа да нысандарды тиісті стандартқа сәйкестендіруді тапсырды.
Президент әкімдікке мектептегі, балабақшадағы орын тапшылығын кезең-кезеңімен азайтудың жоспарын жасау туралы тапсырма берді. Бұл жобаларды іске асыруда мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану қажеттігін еске салды.
– Былтыр екі-ақ жаңа мектеп бой көтерді. Бес мектептің жанынан қосымша ғимарат салынды. Орын саны бар-жоғы төрт мыңға көбейді. Сонымен бірге небәрі 670 орындық төрт балабақша ашылды. Екі миллион тұрғыны бар қала үшін мұның қай-қайсысы да жеткіліксіз, – деді Мемлекет басшысы.