Санкт-Петербургте Жоғары еуразиялық экономикалық кеңес (ЖЕЭК) отырысы барысында Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының жаңа құрамы бекітілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Беларусь президенті Александр Лукашенко ЕЭК-де тиімді төрағалық еткені үшін армян тарапына алғыс айтты.
«Бізде барлық мәселелер шешілді, ол мәселелер арасында төрағалық, Алқа төрағасы, персоналдық құрам бар еді», - деп атап өтті ол.
Беларусь басшысы ЕЭК Алқасының жаңа төрағасы Михаил Мясниковичті таныстырды. Оның кандидатурасын бұдан бұрын ЕАЭО мүше елдері, сондай-ақ ЖЕЭК құрметті төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев қолдаған болатын.
А. Лукашенко Жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті отырысын 2020 жылдың мамырында Беларусьте өткізуді ұсынды.
Саммит жұмысына Беларусь, Қырғызстан және Ресей президенттері - Александр Лукашенко, Сооронбай Жээнбеков және Владимир Путин, сондай-ақ Армения премьер-министрі Никол Пашинян қатысты. Қазақстан тарапынан ЖЕЭК Құрметті төрағасы, ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев барды. Бұдан бөлек, ЖЕЭК кеңейтілген отырысына Молдова Президенті Игорь Додон қатысты.