27 жел, 2021 сағат 14:35

Мемқызметшілерді қысқартудың Президенттік кадр резервіне қатысы жоқ – Жайылғанова


Мемлекеттік қызметшілерді қысқарту шараларының Президенттік жастар кадрлық резервіне өткен жастарға қатысы жоқ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекеттік қызметшілер қатары биыл 10 пайыз, келесі жылы 15 пайыз қырқартылады. Біздің агенттік бұл межені жылдың басында орындап тастады. Бұл қысартудың Президенттік жастар кадрлық резервіне өткен 50 адамға ешқандай әсері болмайды. Олар жұмысқа қабылданады. Өйткені олар үздіктер. Олар жұмыс істей алады», - деді агенттік басшысы. 

Оның мәліметі бойынша биылғы іріктеуге қатысқан жастардың ішінде өңірлерге барып жұмыс істеуге дайын үміткерлер көп болған. 

«Әсіресе жігіттердің бәрі қандай өңірге жіберсе де жұмыс істеуге дайын екендерін айтып отыр. Біздегі білікті маман тапшылығы көбінесе өңірлерде байқалып отыр. Аудандарда, ауылдарда деген сияқты. Қуанғанымыз, іріктеуге келген жігіттердің бәрі қай өңірге бар десе, баруға дайын екендерін айтты. Екібастұз, Жезқазған сияқты моноқалалар бар ғой бізде. Қыздардың көбі отбасылық жағдайына байланысты бас тартты. Оларды да түсінуге болады. Ал жігіттер өңірлік тәжірибе жинау үшін баруға дайын екендерін айтты. Сондықтан да олар іріктелген 50 адамның қатарында болады. Өйткені Президентке сондай адамдар керек. «Өзімді-өзім тексерейін деп келдім» дейтіндер керек емес», - деді Анар Жайылғанова.