Мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру аясында тауарларды жеткізу жұмыстары мен қызметтерді атқаруда отандық кәсіпорындарға басымдық беріледі.
Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Қазіргі уақытта сыртқы экономикалық жағдайдың өзгеруін ескере отырып, өнеркәсіптегі ахуалды тұрақтандыру мақсатында Үкімет жедел шараларды қолға алды. Бұл шаралар жұмыс орындарын сақтап қалуды, ішкі нарыққа бағытталған жаңа өндірістерді дамытуды, сонымен қатар қазіргі сауда ағымдарын сақтау үшін баламалы өткізу нарықтарын іздеуді көздейді. «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламаларын жүзеге асыру аясында тауарларды жеткізу жұмыстары мен қызметтерді атқаруда отандық кәсіпорындарға басымдық беріледі», - деді Қайырбек Өскенбаев.
Оның атап өтуінше, бұл шара құрылыс материалдары, металлургия, химия және басқа аралас секторлардағы кәсіпорындардың жүктемесін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«Нақтырақ айтсақ, 2020 жылы мемлекеттік бағдарлама аясында 15 миллион шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру, 2,6 мың шақырым республикалық, 4,3 мың шақырым жергілікті маңызы бар жолдарды салу және жөндеу көзделген. Осы іс-шараларды іске асыру есебінен отандық жеткізілімдердің үлесін 95 пайызға дейін ұлғайту жоспарланған», - деді бірінші вице-министр.