Фото: massaget.kz
Еліміздің оқушылары Cоңғы қоңырау мерекесін 1 маусым күні атап өтеді. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі Орта білім комитетінің төрағасы Гүлмира Кәрімова айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Барлық қазақстандық мектепте оқу жылының ұзақтығы - 36 апта. Дәстүр бойынша, оқу жылының бірінші күні - 1 қыркүйек, ал биылдан бастап соңғы оқу күні - 31 мамыр. Бұл күні оқушылардың жас ерекшелігіне сәйкес, сабақтармен қатар, сабақтан тыс шаралар өткізіледі. 1 маусым - жазғы каникулдың алғашқы күні, сонымен бірге бұл күні балаларды қорғау күнімен қатар, мектептерде соңғы қоңырау мерекесі өткізіледі", - дейді ол видеода.
Айта кетейік, кеше Мәжілістің жалпы отырысында депутат Аманжол Әлтай мектептердегі соңғы қоңырау күнін 30 мамырға немесе 1 маусымға ауыстыруды сұраған еді.
«Елімізде 31 мамыр ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып белгіленді. Бұл күні алаш арыстарының рухына жасап жүрген құрметіміз олардың ескерткіштері мен мемориалдық орындарға гүл шоғын қоюдан аспай тұр. ҚР Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 12 тамыздағы № 363 бұйрығына сәйкес, орта білім беретін мектептердегі соңғы қоңырау 31 мамыр болып бекітіліп отыр. Алаш арыстарының аманатын ұрпақ санасына сіңіруге тиіс министрліктің 31 мамыр күнінің маңызына мән бермегені қандай өкінішті?! Арыстарымыздың рухына бір күнді де толық қимай, апыл-ғұпыл аза тұтқансып, іле-шала той тойлап, думандатып кете беретін болсақ, елдігіміз қайсы?! Сондықтан мектептердегі соңғы қоңырау күнін 30 мамырға, не болмаса 1 маусымға ауыстыру керек. Бұл – ешқандай талқылауды қажет етпейтін әділетті талап», - деді Аманжол Әлтай Үкімет басшысының орынбасары Алтай Көлгіновтың атына жолдаған сауалында.